Тұрақты комиссияның тындырымды жұмысы

Мәслихаттың жұмысында тұрақты комиссялараның алатын орыны ерекше. Өйткені, сессияда қаралатын мәселелер тұрақты комиссияларда алдын ала талқылаудан өтететіні белгілі. Сондықтан да бүгінгі сұхбатымызда Қарағанды қалалық мәслихатының кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялық ахуал мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының жұмысы туралы айтып беру үшін осы комиссияның төрайымы Сайран Биғалиқызы Сыздықованы сөзге тартқан едік.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ

syzdikova1– Сайран Биғалиқызы, әңгімемізді Сіз жетекшілік ететін комиссияның жұмысының қай жылы басталғаны және оның құрамында кімдер бар екендігінен бастасақ деймін.
– Әлбетте. Біздің комиссия Қарағанды қалалық мәслихатының кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялық ахуал мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы деп аталады. Ол 2016 жылы 29 наурызда Қарағанды қалалық мәслихатының ҮІ шақырылымының І сессиясында құрылған болатын. Оны басқару маған тапсырылды, ол комиссияның құрамы Айбек Темірбайұлы Жұмабеков (орынбасар), Бейбіт Сабырұлы Досжанов, Наталья Юрьевна Мальчушкина, Алтынтөре Жангелдіұлы Бөкенов сияқты депутаттардан тұрады. Олардың арасында жаңадан айланғандармен қоса өткен шақырылымда депутат болғандары да бар. Бұл біздің міндеттеріміз бен тапсырмаларымызды тиімді жүзеге асыруымызға зор ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.
Тұрақты комиссия өзінің қызметін белгіленген жоспарға сәйкес, мемлекеттік мекемелермен, оның ішінде Қарағанды қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімімен тығыз байланыста жүзеге асырып келеді.
– Осы өткен уақыт ішінде сіздердің тұрақты комиссияларыңыз қандай мәселелер қарастырғаны туралы қысқаша айта кетсеңіз?
– Біздің комиссия осы уақыт ішінде көптеген мәселелер қарастырды. Соның ішінде бірнешеуіне ғана тоқталып өтейін. Қаралған мәселелердің ішінде бастыларының бірі қаламыздың сауда нүктелерінде сапасыз антифриз бен әйнек жуу және салқындату сұйықтарын сату мәселесі болды. Кейбірінің құрамынан адам денсаулығына зиянды болып саналатын метил спирті немесе метанол анықталды. Одан соң Автомобиль иелерінің Қазақстандық қоғамы төрағасының қатысуымен талқылау өткіздік. Заңнамаға сәйкес мұндай өнімдерді сатумен айналысатындардың өнімге сертификаты болуы қажет. Мәжілістің қорытындысында мұндай өнімдердің тауар айналымын бақылау қажеттігі туралы өкілетті органдарға ұсыныстар жасалды.
Б. Бейсенов атындағы заң академиясының ардагерінен түскен шағымды қарау сияқты мәселелер де болды. Бұл мәселе шағым иесінің, академияның және басқа да қоғамдық ұйымдардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен қаралған болатын. Мәжілісте жеке кәсіпкер мен академия арасында асхананың жұмысы жайлы туындаған дау депутаттардың қатысуымен сол мәжілістің үстінде шешілді.
Біздің тұрақты комиссия өзіміздің мәжілісімізде қаланың білім мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін жүзеге асыру туралы мәселе қарадық. Мұнда депутаттар мектеп асханасының жалдаудан МЖӘ тетігіне көшу кезіндегі қала мектептерінде ыстық тамақ ұйымдастыруды үзіліссіз жүзеге асыруға бағытталған ұсыныстар жасап, оны тиісті өкілетті органдарға жолдады.
Сол сияқты Қарағанды қаласының түбегейлі жоспарына сәйкес келмейтін жер телімдерінің барлығын, жер телімдерін өз беттерімен иелену мәселесі бойынша қаланың жерін кешенді зерделеу жөніндегі жұмыс тобының қызметінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесін – қаланың жер телімдерінің электрондық картасын автоматтандыруды енгізу ұсынылды.
– Тұрақты комиссияның жерге және жерді жалға алу, жерге салық төлеуге қатысты көптеген мәселелер қарағандығын білеміз...
– Иә, жерге қатысты көптеген мәселелер қаралды, соның ішінде Соқыр өзенінің бойындағы қалалық қорымды абаттандыру және күтіп ұстау мәселесін де бар. Бұл қорым екі бөлімнен тұрады екен. Екі кадастрлық номері бар. Біріншісі жабық қорым. Ол жер телімінің ортасында орналасқан. Екіншісі жер телімі қорымның айналасында. Онда қазір жерлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерлерді «Айжан-1» ЖШС бес жылға жуық уақытқа жалға алған.  Сөйтіп, бірінші қорым иесіз қалған. Ол үшін аталған ЖШС жалдау ақысын төлемейді. Соған қарамастан онда да жерлеу жүргізіліп жатқандықтан, жолдар тарылып, қабірлерге баруды қиындатып жіберген. Бұл жерді рұқсатсыз, өз еркімен иелену болып саналады. Біздің депутаттар комиссия болып барған кезімізде жабық қорымда жақында ғана жерленген қабірлерді көрдік. Сөйтіп, талқыланған мәселе бойынша өкілетті органға Қарағанды облысының жерді пайдалануды бақылау және жер қорғау жөніндегі басқармасына жабық қорымда жерлеуді тоқтату туралы ақпарат жолдауға ұсыныс жасалды.
Депутаттар корпусының ұсынысымен тұрақты комиссиялардың бірлескен мәжілісінде қалалық мәслихаттың «Салық салу мақсаты үшін Қарағанды қаласының аумағын аймақтарға бөлу сызбасын бекіту туралы», салық салу нысандарында «Бекітілген бірыңғай салық ставкасы туралы», «Автұрақтар (паркингтер) санаттарын бекіту туралы» шешімдерінің жобасын бекіттік.
– Тұрақты комиссияның кейбір мәжілістерінің көшпелі түрде өткізілетінін білеміз, солар туралы да тоқтала кетсеңіз.
– Иә, біздің кейбір мәжілістеріміздің көшпелі түрде өтіп жүргені рас. Оған біздің депутаттардың қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу жөніндегі «ГорКомТранс», «Ресайклинг ТК», «ЭкоАлем Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмыстарымен танысу сәттерін атап өтуге болады. Мұндай көшпелі мәжіліс қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сартқа шығару, өтелдеу, қайта өңдеу және жерге көму жұмыстарына тарифті қайта қарау аясында жүзеге асырылды. Өйткені Қарағанды қаласында жеңілдікпен субсидия беру жөніндегі жоба қолдану үстінде. Соған орай депутаттар көптеген кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сол сияқты біздің депутаттар «Бизнестің жол картасы 2020» аясында салынған «Бота» балалар бақшасында және «Евразиан Фудс» АҚ-да болып қайтты. Сонымен бірге біздің тұрақты комиссиядағы депутаттар қала әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссияның жұмысына да белсене араласады.
– Тұрақты комиссияның мүшелері басқа да қандай депутаттық және қоғамдық жұмыстарға араласады?
– Депутаттар корпусының және біздің тұрақты комиссияның мүшелерінің белсенді қатысуымен Қарағанды қаласының шығындарының әлеуметтік бағыттары ескеріле отырып 2019–2021 жылдарға арналған бюджеті қалыптастырылды.
Комиссия мүшелері өздерінің құзіретіне жатқызылғаннан басқа сессияның қарайтын басқа да мәселелері бойынша белсенді жұмыс атқарады. Ондай жұмыстарға автомобиль жолдарын жөндеу бағдарламасының орындауына, білім басқармалары ұйымдарының жөндеу жұмыстарының орындалуына, жол қозғалысы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуге де ұдайы қатысып отырады.
Мұнымен қоса комиссия мүшелері жұрт алдына шығып әңгімелер өткізеді, «Сарыарқа» телеарнасының хабарларына қатысады, ол хабарларда қарағандылықтарды қала бюджетінің, әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың орындалысымен және басқа да маңызды мәселелермен таныстырады. Қойылған сұрақтарға жауап береді.
Тағы да бір айтарым – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жергілікті басқару және өзін-өзі басқару» Заңына сәйкес мәслихаттың қызметіне қойылатын негізгі талаптардың бірі – азаматтардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау болып табылатындығы белгілі. Соған орай тұрақты комиссияның барлық мүшелері өзінің сайланған округтеріндегі сайлаушылармен тұрақты жұмыс істейді, олардан түскен өтініштерді қараумен айналысады. Осы мерзім ішінде біздің комиссияға 35 депутаттық сауал түскен еді. Олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Өтініш иелеріне тиісті жауаптар қайтарылды. Енді алдағы уақыттарда да тұрақты комиссияның жұмысы сессияда қаралатын және өзіміз ұсынатын мәселелерге байланысты атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас негізінде жүзеге асырылатын болады.
– Сайран Биғалиқызы, әңгімеңізге көп рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілеймін.


  • Нравится
  • Материалы по дате (общество)

    « Июль 2019 »
    Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31